Айналымнан шыққан 2000 теңгелік купюраны қалай ауыстыруға болады

Фото: Depositphotos
Елімізде 25 маусымнан 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік купюралар айналымнан шығарылады. Оны жұмсап үлгермеген адамдар ақшасын қалай, қайда ауыстыра алады? NoFake.kz Ұлттық банкке хабарласты.
Ұлттық Банк ескі және жаңа үлгідегі 2000 теңгелік банкноттардың қатар айналымда жүру кезеңі аяқталатынын ресми түрде растады.
«2026 жылғы 25 маусымнан бастап ескі үлгідегі банкноттармен есептесуге болмайды. Бірақ оларды айырбастауға мүмкіндік бар. Екінші деңгейлі банктер мен Қазпошта ескі банкноттарды жаңасына үш жыл бойы айырбастайды. Ал Ұлттық Банк филиалдары — мерзімсіз түрде қабылдайды», — деп жауап берді Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Нақты мерзімдер: Қай купюра қашанға дейін жарамды?
Ұлттық Банк бекіткен ресми кестені ұсынамыз:
- 2 000 теңге (2012 жылғы, көгершін бейнеленген): Айналымда жүруінің соңғы күні – 2026 жылғы 24 маусым. Көп ұзамай дүкендер бұл купюраны қабылдаудан заңды түрде бас тартады.
- 5 000 теңге (2011 жылғы): 2025 жылдың қыркүйегінде айналымнан шығып кеткен.
- 1 000 теңге (2014 жылғы): 2027 жылғы 27 наурызға дейін жарамды.
- 10 000 теңге (2012 жылғы): Айналым мерзімі 2027 жылғы 27 маусымға дейін ұзартылды.
- 5 000 теңге (2017 жылғы): 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін қолданыста болады.
Үрейге негіз жоқ: Егер әмияныңызда ескі 2000 теңгелік қалып қойса, оны 2029 жылдың жазына дейін кез келген банкте немесе Қазпоштада жаңа «Сақ стиліндегі» купюраға тегін айырбастай аласыз. Ал Ұлттық банкте бұл айырбас уақытпен шектелмеген.
Сонымен қатар, бас банк жоспарға сәйкес жаңа үлгідегі 20 000 теңгелік купюраны айналымға шығару 2027 жылға жоспарланғанын атап өтті.
Мамандар ескі ақшаны уақытылы айырбастап үлгеруді немесе күнделікті есеп-айырысу кезінде банкноттардың шыққан жылына мұқият болуды ұсынады.


