NoFake

Байланыс операторлары «маяк» қоңырауды тоқтатады

Фото: Depositphotos

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (ЦДИАӨМ) байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрыққа 18 маусымда қол қойылды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Жаңа нормаларға сәйкес, қосымша ақылы байланыс және интернет қызметтері енді абоненттің екі мәрте келісімі алынғаннан кейін ғана қосылуы мүмкін. Келісімді жеке кабинет, SMS, қоңырау немесе USSD-сұраныс арқылы растауға болады.

Бұдан бөлек, операторларға жіберіп алынған қоңыраулар туралы хабарлау үшін қысқа «маяк» қоңырауларын пайдалануға толықтай тыйым салынды.

«Операторларға жіберіп алынған қоңыраулар туралы хабарлау үшін қысқа «маяк» қоңырауларын пайдалануға толықтай тыйым салынады. Бұған дейін бұл қызметті өшіру мүмкіндігі болған, алайда тәжірибеде ол тек екі абоненттің де — қоңырау шалушының да, қоңырау қабылдаушының да бұл опцияны өшірген жағдайында ғана жұмыс істейтін. Енді бұл техникалық қайшылық жойылып, «маяктардың» орнына SMS-хабарламалардың ыңғайлы, әрі түсінікті форматы келеді», — делінген ведомство хабарламасында.

Тағы бір жаңалық жарнамалық және ақпараттық таратылымдарға қатысты. Пайдаланушылар байланыс операторларынан мұндай хабарламаларды алудан жеңілдетілген тәртіппен бас тарта алады.

Сондай-ақ 14 жасқа толмаған балаларға SIM-карталарды тіркеу кезіндегі қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Енді кәмелетке толмаған балаға нөмірді тек оның заңды өкілдері биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана ресімдей алады. Бұл ретте бір балаға тек бір нөмір ғана тіркелуі мүмкін.

Жаңа қағидалар 28 маусымда күшіне енеді.

Оқу үшін