NoFake

Үндістан неге Telegram-ды уақытша шектеді

Фото: Depositphotos

Үндістан NEET емтиханы төңірегіндегі жанжалға байланысты Telegram-ға уақытша шектеу қойылды. Мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров бұл шешімді сынға алды.

Reuters агенттігінің ақпараты бойынша, Үндістан билігі қосымшадағы алаяқтық әрекеттерге қатысты қауіптерге байланысты платформаға қолжетімділікті 22 маусымға дейін шектеген.

«Үкімет медициналық колледждерге түсуге арналған беделді ұлттық емтихан — NEET үміткерлеріне қарсы платформа алаяқтық мақсатта қолданылып жатыр деген қауіпке байланысты, ел аумағында Telegram-ды 22 маусымға дейін бұғаттау үшін төтенше өкілеттіктерін пайдаланды», — деп хабарлайды Reuters.

Агенттіктің мәліметінше, бұған 2026 жылдың мамыр айында мессенджер арқылы тараған емтихан тапсырмалары себеп болған. Олардың арасында қолды болған шынайы сұрақтар да, талапкерлерді адастырып, алаяқтық топтардың мүддесіне қызмет еткен жалған тапсырмалар да бар.

Сондай-ақ Telegram қосымшасының мобильді қолданбалар дүкендерінен жойылғаны хабарланды. Үндістан билігі бұл шектеулер қайталау емтиханының әділ өтуін қамтамасыз етуге көмектеседі деп үміттеніп отыр.

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров бұл шешімді сынға алып, оның миллиондаған басқа пайдаланушыларға кесірін тигізетінін және мәселені түпкілікті шешпейтінін мәлімдеді. Себебі алаяқтар басқа платформаларға ауысып кетуі мүмкін.

Оқу үшін