Сауда министрі 63 базарда заң бұзылғанын растады

Фото: Depositphotos
Қазақстанда ірі сауда алаңдарында ветеринарлық және санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты тексеріс басталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 63 ірі базарда заң бұзылғанын растады. Министрдің айтуынша, қазір анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқама мен ескертулер беріліп, «қолмен басқару» режимінде мониторинг жүргізіліп жатыр.
«Заң бұзушылықтар бар екенін жоққа шығармаймыз. Бүгінгі таңда ветеринариялық және санитарлық талаптар бұзылған 63 ірі сауда базарын анықтадық. Кемшіліктер бойынша нұсқамалар мен ескертулер берілді. Бірақ ескертуден кейін қатаң жаза қолданылатынын ұмытпау керек», — деді министр Шаққалиев.
Ал журналистердің ең көп заңбұзушылық қай өңірлерде анықталды деген сұрағына былай жауап берді:
«Базар көп жерде заң бұзушылық та көп. Бұл – Алматы қаласы, Алматы облысы және Шымкент», — деді министр.
Сондай-ақ, Сауда министрі әлі де базарларға қатысты шұғыл тексеріс болатынын жеткізді.
Антисанитариямен күрес
Ал базарларда антисанитариялық жағдайды көрсеңіз, министрлікке шағымдануға болады. Шаққалиев БАҚ өкілдері мен тұрғындарды заңсыздық байқаған сәтте бірден хабарлауға шақырды.
«Заңнама бойынша сіздің ақпаратыңыз, жазған арызыңыз бізге себеп, бізге негіздеме болады. Біз сол негіздемені пайдаланып, тексеріс жүргізетін боламыз», — деді ол.
Қазір елімізде ең көп заң бұзушылық тіркелген өңірлерде бақылау күшейтіліп, санитарлық талаптардың орындалуы жіті тексеріліп жатыр.


