Жалған аккаунттар мен парақшалар: «Әділет» партиясы мәлімдеме жасады

Фото: t.me/adilet_partiyasy
«Әділет» партиясы желіде тараған жалған аккаунттар мен парақшаларға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Әлеуметтік желілерде «Әділет» партиясының атауын заңсыз пайдаланып, өзін партияның ресми өкілдігі ретінде таныстыратын жалған аккаунттар мен парақшалар пайда болған.
«Бұл ресурстар арқылы партиялық билеттер беру, партия мүшелерін тіркеу және партияның қызметіне қатысты жалған ақпарат таратылып жатыр. Аталған аккаунттардың «Әділет» партиясына ешқандай қатысы жоқ екенін ресми мәлімдейміз. Олар арқылы таратылатын кез келген ақпарат шындыққа жанаспайды», — делінген хабарламада.
Осыған орай, партия тек өзінің ресми ақпарат көздеріне сену қажеттігін ескертеді: @adilet_partiyasy, t.me/adilet_partiyasy, adilet-partiyasy.kz.
Сондай-ақ, саяси ұйым партияның атауы мен рәміздерін заңсыз пайдаланғаны, сондай-ақ жалған ақпарат таратып, азаматтарды жаңылыстырғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында жауапкершілік көзделгенін еске салады.
«Анықталған фактілер бойынша материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды», — делінген хабарламада.
Партия азаматтардан жеке деректерін бейтаныс адамдарға бермеуге және «Әділет» партиясының ресми байланыс арналарына ғана жүгінуге шақырады.


