Қалтасына пияз салып жүрген адамға күн өтпейтіні рас па

Әлеуметтік желілер мен Оңтүстік Азия БАҚ-тарында «қалтаға пияз салып жүрсең немесе оны көп жесең, күн өтпейді» деген ескі халықтық әдіс кең тарап жатыр. Тіпті Үндістанның байланыс министрі Джйотирадитья Синдия да видео түсіріп, жұртты қалтасына пияз салып жүруге шақырды. Бұл – фейк және денсаулыққа қауіпті дезинформация.
AFP фактчекерлері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
«Ата-бабаларымыз: «Аптап ыстықта далаға шыққанда, қасыңда пияз ұста» деп айтатын. Көптеген адам бұл әдісті ескірген деп теріске шығарады, бірақ бұл шындық», — дейді кулинарлық бағдарламаның жүргізушісі Пәкістанның Masala TV телеарнасының Facebook-тегі парақшасында жарияланған видеода.
Осыған ұқсас мәлімдемелер Aaj News, Daily Express және Daily Jang басылымдарының материалдарында пайда болды. Үндістанда Байланыс министрі Джйотирадитья Синдия бұған дейін пиязды аптап ыстықтан құтқаратын ем ретінде жарнамалаған.
«Пиязды қалтаңда ұста. Саған ештеңе болмайды», -деді Синдия X (Twitter) желісіндегі видеода.
Ол кондиционерді пайдаланбайтынын айтып, қалтасынан пияз шығарып көрсеткен.
AFP агенттігі Синдияға түсініктеме беруді сұрағап, хабарласқан, алайда ешқандай жауап болмаған.
Оның сөздері Үндістан мен Пәкістандағы әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен тарап кетті, өйткені Оңтүстік Азияның кең-байтақ аймақтарында күн қатты ысып, кей жерлерде температура 45°C-тан жоғары болды.
Бірнеше сарапшы пияздың экстремалды ыстықтан қорғайтын қасиеті бар дегенді жоққа шығарып, оның қауіптерін атап өтті.
Денсаулық туралы дезинформация
«Пияз жеу немесе оны өзіңмен бірге алып жүрсең күн өтпейтіні немесе дене температурасын төмендететініне ешқандай ғылыми дәлел жоқ», — деген Карачидегі Ага Хан университеттік ауруханасының жедел медицина кафедрасының профессоры және меңгерушісі доктор Надим Улла Хан AFP агенттігіне.
Ол пияздың қабынуға қарсы қасиеттері мен жеңіл салқындатқыш әсері болғанымен, бұл кеңестердің қауіптілігі — «адамдардың тиімділігі дәлелденген қорғаныс шараларын тиімсіз әдіспен алмастыруында» екенін түсіндірді.
«Пиязды алып жүру немесе оны жеу жеткілікті деп сенетін адамдар суды аз тұтынуы мүмкін», — деді ол. Сондай-ақ, олар «жалған қауіпсіздікке алданып, күн ең қатты ыситын уақытта далада ұзақ қалып қоюы мүмкін, әрі жеңіл қорғаныс киімдерін киюден, күн көзінен тығылып, көлеңке іздеуден бас тартуы ықтимал».
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Пәкістандағы кеңсесінің өкілі бұл тарап жатқан ұсыныстарды «миф» және «денсаулық туралы дезинформация» деп атады.
Күн тию — бұл ағзаның өз температурасын реттей алмауынан туындайтын, өмірге қауіп төндіретін жағдай. Бұл аптап ыстық кезінде алдын ала сақтану мен жедел әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді, деп атап өтті өкіл.
«Ыстықтан болатын өлім-жітім деңгейі 1990-шы жылдармен салыстырғанда 23%-ға өсіп, жыл сайын 546 000 адамның өмірін қияды», — деп хабарлады олар AFP агенттігіне.
«Соңғы онжылдықтарда 65 жастан асқан адамдар арасында ыстықтан қайтыс болғандар шамамен 85%-ға өсті».
Жаһандық агенттіктің мәліметінше, аптап ыстықтың зиянды зардаптарының алдын алуға болады. Ол үшін күн қызғанда үйден шықпау және үй ішін салқын ұстау қажет. Сондай-ақ жеңіл әрі кең киім кию, далада бас киім тағу, салқын душ қабылдау және тәтті, алкогольді немесе кофеинді сусындардан бас тартып, жүйелі түрде су ішу ұсынылады.
Агенттік адамдарды ыстық туралы ресми ескертулерді орындауға және егер біреудің терісі ысып, құрғап кетсе, сандырақтап, құрысып қалса немесе ес-түссіз жатса, дереу жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.


