NoFake

Қазақстан-Ресей шекарасындағы көлік кептелісі: ҰҚК түсініктеме берді

Фото: pixabay.com

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан-Ресей шекарасындағы автокөлік кептелісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Қосақ» (Павлодар облысы) өткізу пунктінде жүк көліктерінің кептелесі байқалады. Комитет мұндай жағдай жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тасымалдаудың маусымдық артуына байланысты орын алғанын атап өтті.

«Күту уақытын барынша азайту үшін өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр, қажетті шаралар қабылдануда, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен тығыз іс-қимыл ұйымдастырылды. Павлодар облысында «Шарбақты» және «Үрлітөбе» халықаралық өткізу пункттері де жұмыс істейтінін еске саламыз. Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» өткізу пункттері жұмыс істейді», — делінген хабарламада.

Одан бөлек, белгілі бір күнге бос орындардың бар-жоғын нақтылауға және шекарадан өту уақыты мен орнын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін электрондық кезек жүйесі жұмыс істейтіні белгілі болды.

«Бұл өткізу пунктіне түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізеді және тасымалдаушылар үшін процестің алдын ала болжамды болуын қамтамасыз етеді. Мысалы, «Қосақ» өткізу пунктінің шығу бағытындағы орташа өткізу қабілеті тәулігіне шамамен 200-220 жүк көлігін құрайды», — делінген хабарламада.

ҚР ҰҚК осыған орай, ағымдағы жағдайды ескере отырып, азаматтарға қозғалысты баламалы бағыттар арқылы алдын ала жоспарлауға кеңес береді.

Оқу үшін