Қазақстанға келмей ЖСН алған: ҚМА заңсыз схеманы әшкереледі

Фото: АФМ РК
ҚР ҚМА Астана бойынша департаменті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін заңсыз рәсімдеу схемасын анықтады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Агенттік мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады. Десе де, 2024–2025 жылдары өтініш берушілердің елге келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема ұйымдастырылған.
«Схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі арна пайдаланылып, сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтары іздестіріліп, тартылған. Қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген», — делінген хабарламада.
Осылайша, заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.


