NoFake

Павлодар облысының әкімдігі аймақта маса қаптағанын растады

Фото: Nofake.kz

Жәндіктердің жаппай көбеюіне орман өртін сөндіру үшін жасалған су қоймалары себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды NoFake.kz

Желіде Павлодар облысы Шарбақты ауданының Шошқалы ауылында масаның жаппай қаптағаны түсірілген видео тарады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жәндіктердің көптігі сонша, сыртта ұзақ уақыт тұру мүмкін емес.

Павлодар облысының Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы NoFake.kz тілшісіне жағдайды түсіндірді.

«Масалардың аномалды түрде жаппай ұшу фактісі расталады. Бұл критикалық жағдай соңғы екі-үш күнде байқалып отыр. Жайылмадан тыс аумақтарда жәндіктердің көбеюіне орман өрттерін сөндіру кезінде су алуға арналған жасанды су қоймалары, сондай-ақ елді мекендердің маңында пайда болған шағын су айдындары себеп деп болжануда», — деп хабарлады басқарма мамандары.

Шарбақты ауданы тұрғындарының өтінішінен кейін басқарма өкілдері, облыстық ғылыми топ және аудан әкімдігі жағдайды оқиға орнында бағалау үшін Шошқалы, Бозалаң, Садықащы және Шалдай ауылдарына барды.

10 маусымнан бұл елді мекендерде дезинсекция жұмыстары басталды. Мамандар аумақтарды бүріккіштер мен ыстық тұман генераторының көмегімен, ал су айдындарын жәндіктердің личинкаларын жоятын «Бактицид» препаратымен өңдеп жатыр.

Ведомство атап өткендей, қазір Павлодар, Ақсу қалалары, сондай-ақ Май, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Аққулы мен Тереңкөл аудандарындағы жағдай бақылауда тұр.

«Успен, Шарбақты және Баянауыл аудандарындағы, сондай-ақ Екібастұздың ауылдық аймағындағы Ертіс өзеніне шығатын жолы жоқ жайылма емес және далалық аумақтарды өңдеу қарастырылмаған. Бұл аумақтарда тек жергілікті учаскелерді өңдеу және балалар лагерлері орналасқан жерлерді барьерлік өңдеу жұмыстары ғана жүргізіледі», — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Осылайша, облыстық бюджет есебінен ауқымды өңдеу жұмыстары Ертіс жағалауындағы аудандарда жүргізіледі. Ал шалғайдағы далалық аумақтарда тек нүктелі және жергілікті қорғаныс шаралары ғана қолданылады.

Оқу үшін