NoFake

Әуежай, лифт және домофон камералары бізді «аңдитыны» рас па — Әділет министрлігі жауап берді

Коллаж: NoFake.kz

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «көшедегі, әуежайдағы, тіпті үйіміздің лифтісі мен домофонындағы камералар әр қадамымызды бақылап, аңдитын болады» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл қорқыныш негізді ме? Жүйе шын мәнінде кімді іздейді? NoFake.kz анықтады.

Скрин әлеуметтік желідегі жазбалардан

Ойын-сауық орталықтары, әуежайлар, автовокзал, тіпті  көшелердегі бейнебақылау камералары арқылы азаматтардың Face-ID арқылы оның жеке мәліметтері анықталып, жеке сот орындаушыларға жіберілетіні – рас. Бірақ бұл жердегі маңызды жайт – егер ол адам борышкер болса ғана.

Бұл туралы редакциямызға ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

 Қорқудың қажеті бар ма: Камералар кімді түсіреді?

Ең бастысы – қатардағы заңға бағынышты азаматтардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ. Интеграцияланған бейнебақылау жүйесі жаппай халықты аңду үшін емес, тек заң бұзушыларды, қылмыскерлерді және мемлекет пен өз балаларының алдындағы қарызынан қашып жүрген борышкерлерді анықтау үшін жұмыс істейді.

Егер сіздің заң алдында берешегіңіз, яғни төлеуден жалтарып жүрген айыппұл, несие, алимент т.б. болмаса, бұл жүйе сіздің жеке өміріңізге ешқандай қауіп төндірмейді. Жобаның негізгі мақсаты – жылдап жауапкершіліктен қашып, мекенжайын жасырып жүргендерді заң аясына қайтару.

Талғат Уәли:  «IT технологиясы мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетті»

Әділет министрлігі мен Бас прокуратураның бірлескен бұл жобасы IT технологиялардың көмегімен іздеу жұмыстарын автоматтандыруға бағытталған.

« Осы жоба нәтижесінде еліміздегі азаматтар көп шоғырланатын орындар, ойын-сауық орталықтары, тіпті көшедегі бейнебақылау камералары, әуежай, автовокзал, сол сияқты орындардағы камераны интеграциялау арқылы азаматтардың фейс-айди, бет-әлпетіне байланысты оның жеке мәліметтерін анықтап, егер ол борышкер болатын болса, соны жеке сот орындаушыларға ақпараттар беру бойынша жұмыстар жүргізілуде», — дейді маман.

Министрлік өкілінің айтуынша, бұрын борышкерлерді механикалық тәсілмен іздеу уақыт пен ресурс жағынан қиындық тудырған.

«Бұл жүйенің пайдасы зор. Өйткені бұл мемлекеттік органдардың, атап айтқанда Ішкі істер министрлігінің жұмысын азайтып отыр. Бұрынғыдай азаматтар, техника күштері мен құралдар барып, механикалық тәсілмен іздестіріп жүрген болатын болса, осының барлығы қазір – IT технологиясы», — дейді Талғат Уәли.

Жүйе қалай жұмыс істейді және камералар қай жерде орналасқан?

Көпшілікті мазалайтын сұрақ: жүйеге тек ірі нысандардағы камералар қосылған ба? Спикердің сөзіне сүйенсек, қарызын төлемей қашып жүргендерді анықтау мүмкіндігі өте жоғары.

«Бүкіл көшеде, домофонда, лифтіде қандай камералар бар, солардың көбі қазір сол базамен интеграцияланған. Нәтижесінде, борышкер қай жерде жүреді, ол ойын-сауық орталығы бола ма, жоқ әлде әуежай бола ма, сол жерде анықталады және де шаралар қабылданады», — дейді Талғат Уәли.

Бұл тетік борышкердің нақты қай жерде тұрып жатқанын немесе уақытша жүрген жерін де жедел анықтауға көмектеседі.

«Мысалы, борышкердің бірнеше жыл бойы жеке басы анықталмай жүрсе, мүмкін қоныс аударып кетуі мүмкін, кейбіреулер арнайы түрде төлемей қашып жүрген азаматтар болады. Сондайлар енді қажеттілігі бойынша көшеде жүрген болса, сол камераларға бет-әлпеті түседі. Лифтке кіреді, лифтте де камера бар. Домофондарды басады. Мысалы, бір домофон камерасына ол күніне бірнеше рет түсетін болса, демек ол сол жерде тұрып жатыр деп айтуға негіз бар. Уақытша болса да, сол жерде жүр деген сөз. Сондай жағдайларда біз жеке сот орындаушыларына бұйрық береміз. Ол сол жерден барып, тез шаралар қабылдап, өз міндеттерін орындайды», — дейді ол.

Жүйенің нәтижесі: Сандар сөйлейді

Бұл технология жай ғана жоспар емес, қазірдің өзінде нақты жемісін беріп жатқан жоба. Ресми мәліметтерге сүйенсек, камералар арқылы мыңдаған борышкер анықталған.

«Қазіргі таңда тек биылдың өзінде 2026 жылы 6744адам іздестіріліп, оның 4727-сінің жеке басы анықталған болатын. Ал былтырғы статистикаға сәйкес 2025 жылы олар 9259 азаматтың борышкердің тізімін біз Бас прокуратураға жолдадық. Нәтижесінде 6864 азаматтың қай жерде жүріп жатқандығы анықталып, оларға жеке сот орындаушылары барып, борыштарын өтеу бойынша жұмыстар жүргізілді», — дейді министрлік өкілі.

 

Инфографика ҚР Әділет министрлігінің ақпараты негізінде

Заманауи технологиялар мен «ақылды» камералар адал азаматтардың күнделікті өміріне ешқандай кедергі келтірмейді. Олар тек заңнан жалтарып, міндеттемелерін орындағысы келмейтін тұлғаларды құрықтауға арналған тиімді құрал. Сондықтан, лифт пен домофондағы камералардан қорықудың ешқандай негізі жоқ.

Оқу үшін