NoFake

Ақмолалықтарды екі күнде 30 млн теңгеге алдаған алаяқтық схемалар қандай

Фото: Gov.kz

Өткен демалыс күндері Ақмола облысының тұрғындары интернет-алаяқтардың түрлі айласына түсіп, жалпы сомасы шамамен 30 миллион теңгеден айырылды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 6-7 маусым күндері интернет-алаяқтық фактілері бойынша жеті арыз тіркелген. Алаяқтар тұрғындарды электр есептегішін ауыстыру, жеткізу қызметі және жалған қаржылық операциялар сияқты түрлі сылтаулармен алдаған.

1-схема: «Электр есептегішін ауыстыру қажет»

Ең көп таралған тәсілдердің бірі Аршалы және Атбасар аудандарында тіркелген. Аршалы ауданының тұрғынына белгісіз адамдар электр есептегішін ауыстыру қажеттігін айтып хабарласқан. Кейін бірнеше күн бойы түрлі сылтаумен қаржылық операциялар жасауға көндірген. Нәтижесінде ер адам 5,5 миллион теңге несие рәсімдеп, таныстарынан қарыз алған және жеке жинақтарын қосып, алаяқтарға шамамен 8 миллион теңге аударған.

Осыған ұқсас жағдай Атбасар ауданында да болған. Белгісіз тұлғалар өзін коммуналдық қызмет өкілі ретінде таныстырып, әйелден SMS арқылы келген кодты сұрап алған. Соның салдарынан мұғалім 4,3 миллион теңгесінен айырылған.

2-схема: «Жеткізу қызметінің қызметкеріміз»

Степногорск қаласында алаяқтар өзін жеткізу қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған.

Олар жергілікті тұрғынға түрлі сылтаумен хабарласып, бірнеше мәрте ақша аударуға көндірген. Салдарынан жәбірленуші 7,7 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған.

Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар сегіз дроппердің жеке басы анықталған.

Мұндай алаяқтықтан қалай қорғануға болады?

Полицейлер азаматтарға мына ережелерді сақтауға кеңес береді:

  • SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпау;
  • банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу;
  • телефон арқылы несие рәсімдеу туралы ұсыныстарға сенбеу;
  • «қауіпсіз шотқа» ақша аудару туралы талаптарды орындамау;
  • күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтату;
  • ақпаратты ұйымдардың ресми нөмірлері арқылы нақтылау.

Полиция банктердің, мемлекеттік органдардың, коммуналдық және жеткізу қызметтерінің өкілдері ешқашан телефон арқылы растау кодтарын сұрамайтынын және азаматтарды ақша аударуға мәжбүрлемейтінін ескертті. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Оқу үшін