NoFake

Онлайн-груминг деген не және одан қалай қорғануға болады: ІІМ ескерту жасады

Фото: depositphotos

Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен кәмелетке толмағандарға интернеттегі қауіптердің бірі – онлайн-груминг туралы ескерту жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ведомствоның мәліметінше, онлайн-груминг – ересек адамның интернет арқылы баланың сеніміне кіріп, кейін оған зиян келтіру мақсатында байланыс орнатуы. Әдетте мұндай жағдайлар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, онлайн ойындарда немесе басқа да танымал интернет-платформаларда басталады. Қаскөй өзін жасөспірім ретінде таныстырып, баламен достық қарым-қатынас орнатуға тырысады.

«Онлайн-грумер – бұл кәмелетке толмаған баламен интернет арқылы әдейі байланыс орнатып, оның сеніміне кіріп, кейіннен зиян келтіруді мақсат ететін ересек адам», – деп түсіндірді ІІМ.

Министрлік мәліметінше, қаскөйлер алдымен баламен жиі хат алмасып, оның қызығушылықтары мен жеке өмірі туралы сұрайды. Кейін күн тәртібі, тұрғылықты жері, араласатын ортасы секілді жеке мәліметтерді білуге тырысады. Уақыт өте келе фотосурет немесе бейнежазба жіберуді сұрап, хат алмасуды құпия сақтауды талап етуі мүмкін.

«Баланың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі де шынайы өмірдегідей қырағылықты талап етеді», – деп атап өтті ведомство.

Осыған байланысты ІІМ балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:

  • бейтаныс адамдармен хат алмаспау;
  • жеке деректерді жарияламау;
  • бейтаныс пайдаланушыларға фото және видео жібермеу;
  • интимдік сипаттағы сұрақтар қойылған жағдайда әңгімені бірден тоқтату;
  • күмәнді аккаунттарды бұғаттау;
  • күдікті жағдайлар туралы ата-анасына хабарлау.

Сондай-ақ министрлік ата-аналарды балаларымен интернеттегі қауіпсіздік мәселелерін тұрақты түрде талқылауға шақырды.

Оқу үшін