16 млн қазақстандықтың дерегі тарады: Жетісудағы іс бойынша не белгілі

Фото: Depositphotos
Жетісу облысында полиция шамамен 16 миллион қазақстандықтың деректерін қамтитын мәліметтер базасын заңсыз пайдаланған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жетісу облысының полиция департаментінің мәліметінше, өңірде азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды.
Тергеу барысында Жетісу облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментімен және прокуратураның үйлестіруімен бірлесіп, елдегі шамамен 16 миллион азамат туралы мәліметтер сақталған арнайы ақпараттық жүйенің заңсыз пайдаланылғанын анықтаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған база арқылы азаматтар туралы ақпаратты тегі, аты-жөні, ЖСН және ұялы телефон нөмірі бойынша іздеуге мүмкіндік болған.
«Тергеу аясында аталған деректер базасын ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар үш адам ұсталды. Олардың тұрғылықты және жұмыс орындарында санкцияланған тінту жүргізілді», — деп хабарлады полиция.
Тергеу әрекеттері барысында компьютерлер, ұялы телефондар және жеке деректерді сақтау мен өңдеуге пайдаланылуы мүмкін басқа да техникалар тәркіленді. Сондай-ақ тексеру шараларын жүргізу үшін бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ құпия ақпараттың қайдан алынғанын және қалай таратылғанын анықтап жатыр.


