NoFake

SMS-кодты айтқызу схемасы: Атырауда зейнеткер алаяқтардың арбауына түсе жаздады

Фото: ҚР ІІМ

Атырау полициясы зейнеткерді интернет-алаяқтардың құрбаны болудан сақтап қалды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, Атырау қаласының 69 жастағы тұрғыны телефон алаяқтарының арбауына түсе жаздаған.

«Белгісіз адам өзін домофон жүйесіне техникалық қызмет көрсететін маман ретінде таныстырып, 1414 нөмірінен келген растау кодын сұратқан. Кейін өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқ зейнеткерге оның атына Kaspi Bank арқылы 2 млн теңге көлемінде несие рәсімделіп жатқанын айтып, сеніміне кіруге әрекет жасаған», — делінген хабарламада.

Осылайша, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүргізілген жедел іс-қимыл нәтижесінде күмәнді жағдай дер кезінде анықталып, бұл туралы полицияға хабарланған.

«Ақпарат түскен бойда Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Тексеру барысында тұрғынның WhatsApp мессенджері арқылы өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғамен байланыста болғаны анықталды. Полицейлер жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде алаяқтардың әрекеті тоқтатылып, қария 2 млн теңге көлеміндегі қаржылық шығыннан аман қалды», — деп жазылған хабарламада.

Тәртіп сақшылары бейтаныс адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтеріңізді ешқашан бермеуге шақырады. Азаматтарға күмәнді қоңырау немесе хабарлама келген жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, 102 нөміріне хабарласуға кеңес беріледі.

Оқу үшін