Қазақстан медициналық жүйелерді не үшін біріктіріп жатыр

Иллюстрация: magnific.com
Қазақстанда денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық жүйесі құрылып жатыр. Қазір ортақ базаға 21 мыңнан астам медициналық ұйым мен 275 мың медицина қызметкері енгізілген, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрлік мәліметінше, жаңа жүйе пациент туралы деректерді бір жерге жинап, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйеде 21,3 мың медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мыңнан астам медициналық техника бірлігі туралы деректер жинақталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Нұршат Сарыбек министрліктің алқа отырысында мәлімдеді.
«Біз бытыраңқы автоматтандыру кезеңінен денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін құруға көштік. Бүгінде саланы басқару қағидаттарын түбегейлі өзгертетін аса маңызды платформалардың енгізілу нәтижелерін көріп отырмыз», – деді Нұршат Сарыбек.
Министрлік мәліметінше, 1С жүйелерімен және кадрлық тізілімдермен жүргізілген интеграция нәтижесінде деректерді қолмен енгізу үлесі 0%-ға дейін төмендеген. Соның арқасында медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктеме 30–40%-ға қысқарған. Сондай-ақ денсаулық сақтауды цифрландыру аясында әйелдер мен балалардың денсаулығын мониторингілеу жүйесі енгізілген. Қазір цифрлық бейінмен 6,8 млн бала мен 4,8 млн әйел қамтылған. Мониторинг 80 маңызды көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Ал жүкті әйелдердің айырбастау картасы eGov Mobile қосымшасында қолжетімді болды.
Пациенттерді динамикалық бақылаудың жаңа форматы да іске қосылып жатыр. Бүгінде цифрлық мониторинг жүйесіне 3,6 млн адам енгізілген.
«Цифрлық бақылау картасы» дәрігерлерге пациенттің емдеу тарихын, тағайындалған ем-домдарын және рецепттерін өңірге қарамастан көруге мүмкіндік береді. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында да жаңа жүйе енгізілді. Қазір дәрілік заттарды дербестендірілген жоспарлау жүйесі 1,9 млн пациент пен 683 медициналық ұйымды қамтып отыр. 2026 жылға арналған жоспарлау көлемі 330,9 млрд теңгені құрады.
«Біз дәрілік заттарды жоспарлаудың түбегейлі жаңа моделін іске қостық – енді жоспарлау орташа нормативтерге емес, нақты пациенттің қажеттілігіне негізделеді», – деді РЭДСО басшысы.
Цифрлық трансформацияның келесі кезеңінде Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында 1 900-ден астам медициналық ұйымды бірыңғай платформаға қосу көзделген. Жаңа жүйеде дәрігерлерге арналған ортақ интерфейс пен жасанды интеллект көмекшісі болады.
Алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге архивтік деректерді қысқа мерзімде толықтыруды, деректер қоймаларын тұрақты жаңартып отыруды және ақпараттық жүйелер арасындағы синхрондауды аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Осыған байланысты медициналық қызметке персоналды жіберу тәртібіне бақылауды күшейту міндеті жүктелді.


