Төтенше жағдайлар министрі «Қазцинктегі» жарылыстың себебін атады

Скрин видеодан
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкіметтің бүгінгі отырысында «Қазцинк» зауытында орын алған қайғылы оқиғаның алдын ала себебін жария етті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрдің мәлімдеуінше, апатқа өндірістегі техникалық талаптардың сақталмауы себеп болуы мүмкін.
«Қазцинк зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан болды деген болжам бар», — деді ТЖ министрі.
Сонымен қатар, ведомство басшысы бұл нысанда бұрын да өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғаны анықталғанын алға тартты. Олардың қатарында мынадай жүйелі кемшіліктер бар:
- Техникалық құрылғылардың мерзімін ұзарту сараптамаларының болмауы;
- Жобалық құжаттамадан ауытқушылықтар;
- Өндірістік бақылаудың деңгейі төмендігі;
- Тозған жабдықтардың уақтылы ауыстырылмауы.
Министр қазіргі уақытта арнайы тексеріс жұмыстары жүріп жатқанын, тергеу толық аяқталғаннан кейін кәсіпорынға қатысты тиісті заңдық шаралар қабылданатынын жеткізді.


