Бастауыш сынып оқушыларының автокортежі: вице-министр түсініктеме берді

Фото: ortcom.kz
Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова бастауыш сынып оқушыларының қымбат көліктен түсіп жатқан мерекелік іс-шарасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Бірінші вице-министрдің сөзінше, аталған іс-шара Алматы облысында орын алған.
«Алматы облысында автокөліктен түсіп, шеру сияқты өткен іс-шара желіде тарады. Біз дер кезінде білім басқармасымен байланысып, оны талқыладық. Бұл жерде мәдениет күніне арналған мектептен тыс іс-шара өткені анықталды. Сондықтан ол соңғы қоңырау, бастауышпен қоштасуға қатысты іс-шара екені дәлелденген жоқ», — деді ол.
Сонымен бірге ведомство өкілі бастауышпен қоштасу, 9-шы, 11-ші сыныпты бітіруге байланысты қандай да бір мерекелік іс-шараларды сән-салтанатпен мейрамханаларда, табиғат аясында өткізуге болмайтынын тағы да ескертті.
«Биыл бірінші рет бұйрық қабылданды. Оған сәйкес 11 сынып оқушылары да, басқалары да мектептен тыс жерде бітіру кешін өткізуге тыйым салынған. Бұл бұйрық ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, бастауышты бітіретін 4-ші, негізгі мектеппен қоштасатын 9-шы сынып оқушыларына да қатысты болады», — деп түсіндірді ол.
Естеріңізде болса, бұған дейін оқу-ағарту министрлігі бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімін жариялаған еді.


