NoFake

Құрылыс туралы қоғамдық тыңдау шешімдері қашан цифрландырылады: вице-министр жауабы

Фото: ortcom.kz

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова қала құрылысындағы өзгерістерге қатысты қоғамдық тыңдаулар қашан цифрландырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Естеріңізде болса, Қазақстанда осы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа «Құрылыс кодексі» күшіне енеді. Оған сәйкес, қала құрылысына қатысты өзгерістерді әкімдіктер енді халыққа 20 күн бұрын хабарлауы тиіс.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова осындай қоғамдық тыңдау материалдарының, атап айтқанда хаттамалар мен шешімдер азаматтарға цифрлық форматта қаншалықты қолжетімді болатынын түсіндірді.

«Иә, жаңа «Құрылыс кодексіне» сәйкес, қоғамдық тыңдалым процедурасы жергілікті атқарушы органдар құзыретіне жатады. Азаматтарға олардың нәтижесі туралы шешімдер БАҚ беттері арқылы хабарланады. Қазіргі таңда аталған процесс цифрландырылған жоқ, бірақ ол пысықталатын процесстер тізіліміне енді және ол туралы біз қосымша хабарлап, тиісті өзгерістерді нормативтік-құқықтық актілерге енгізетін боламыз», — деді вице-министр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Жолдауында құрылыс саласына цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталған еді. Осыған орай, Президент үкіметке құрылыстың барлық кезеңін толық қадағалау және мониторингілеу үшін ұлттық цифрлық платформа әзірлеуді тапсырған болатын.

Оқу үшін