Жалған айыппұл хабарламалары көбейген: полиция тұрғындарға үндеу жасады

Фото:Depositphotos
Соңғы уақытта қазақстандықтардың телефондарына «ҚР Жол полициясы департаменті» атынан әкімшілік айыппұл туралы күмәнді SMS-хабарламалар жиі келе бастаған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Аталған хабарламаларды интернет-алаяқтар таратып жатыр. Ведомство мәліметінше, алаяқтар жалған хабарламалар арқылы азаматтардың жеке деректері мен банк картасы туралы ақпаратын иемденуге тырысады. SMS ішінде көбіне белгісіз сілтемелер жіберіліп, қолданушыларды сол арқылы жалған сайттарға өтуге итермелейді.
Осыған байланысты полиция тұрғындарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге, бөгде сайттарға жеке мәліметтері мен банк деректерін енгізбеуге шақырды.
Әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тек ресми платформалар арқылы тексеру қажет:
— qamqor.gov.kz
— eGov.kz
— екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ жасөспірімдерді sim-карталары мен аккаунттарына абай болуға шақырғанын жазған болатынбыз.


