Балалар екпесі мақұлданар алдында тексерілмейді деген пікір — жалған

Фото: Depositphotos
«Балаларға салынатын екпелер қауіпсіз емес, өйткені олар «нағыз плацебомен» сынақтан өтпеген» деген пікір негізсіз деп хабарлайды NoFake.kz.
FactCheck.org зерттеуінше, бұл – манипуляция. Вакциналар қатаң бақылаудан өтеді. Мамандар екпеге қарсы шығушылар плацебо ұғымын тым тар шеңберде түсіндіріп, балаларға қауіпті тәжірибе жасауды талап етіп отырғаны туралы айтады.
Мифті теріске шығаратын 3 негізгі факт:
1. Плацебо – тек физраствор емес
Сынақ әділ өтуі үшін бақылау тобына көбіне вакцинамен құрамы жағынан толық сәйкес келетін, бірақ ішінде вирустың өзі (антиген) жоқ ерітінді салынады. Ғылымда бұл толыққанды әрі дәл плацебо болып есептеледі. Егер қарапайым су егілсе, адамның денесінде тіпті жеңіл қызару да болмайды, салдарынан эксперименттің «жасырындығы» бұзылып, нәтижесі бұрмаланады.
«Бұл тұзды ерітінді болмаса да, мұндай құрам ғылыми тұрғыдан жарамды әрі дұрыс плацебо болып саналады»,- дейді Пенсильвания университетінің биостатистика профессоры Джеффри С. Моррис.
2. Балаларға қорғаныстың орнына «су» егу – медициналық әдептен тыс
Егер қауіпті ауруға қарсы тиімді вакцина бұрыннан бар болса, ғалымдар балалардың жартысына еш әсері жоқ суды егіп, оларды инфекция алдында қорғаусыз қалдыруға құқығы жоқ. Сондықтан жаңа вакциналар көбіне бұрыннан қолданыста бар, мақұлданған ескі вакциналармен салыстырыла отырып сыналады.
«Мыңдаған нәресте мен кішкентай балаға ешқандай пайдасы жоқ физрастворды төрт рет егу мүлдем этикаға жатпайтын еді», — дейді педиатр-инфекционист, әрі вакцина әзірлеуші доктор Стивен Блэк.
3. Қауіпсіздік миллиондаған адамның дерегімен дәлелденеді
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздікті бақылау зертханамен ғана шектелмейді. Вакциналар нарыққа шыққаннан кейін де мемлекеттік қадағалау жүйелері оларды үздіксіз тексереді. Осылайша, ондаған жылдар бойы екпе алған миллиондаған баланың денсаулығы туралы мәлімет жиналады.
«Бұл вакциналардың көбі өте ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Олардың қауіпсіздік бейнісі миллиондаған баланың қатысуымен өткен зерттеулер арқылы дәлелденген», — дейді доктор Кэтрин Эдвардс, Вандербильт университетінің вакцинологы.
Осылайша мамандар вакцина «тексерілмейді» деген мәлімдеменің жалған екенін анықтаған. Препараттар конспирологтардың ережелері бойынша емес, балалардың денсаулығын қорғайтын қатаң ғылыми және этикалық стандарттарға сай тексеріледі.


