Ұлттық парк Жетісу облысында туристер үйіне келген аю видеосына пікір білдірді

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде Жетісу облысындағы туристік үйдің есігін бұзып кірмек болған қоңыр аюдың видеосы тарады. Кадрларда аңның темір есікті майыстырып жібергені көрінеді.
Осыған байланысты «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, оқиға Аттапқан шатқалында орналасқан ұзақ мерзімді серіктестік аумағы — «Табиғат ORH» ЖШС аумағында тіркелген.
«Тянь-Шань қоңыр аюы адамға сирек шабуыл жасайтын аңдардың қатарына жатады. Алдын ала мәлімет бойынша, аю аталған аумаққа тағам иісіне байланысты келген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады ұлттық парк өкілдері.
Сондай-ақ парк әкімшілігі туристерге қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті.
«Жабайы жануарларды көрген жағдайда оларды тамақтандырмауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ парк аумағында тамақ қалдықтарын қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауларыңызды сұраймыз», – делінген хабарламада.


