NoFake

Абай облысында балабақша қызметкерлерінің жеке деректері тарап кеткен

Фото: ABAI AQPARAT

Абай облысының Курчатов қаласында балабақша қызметкерлерінің дербес деректері ашық қолжетімділікке шығып кеткені анықталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қалалық прокуратура мемлекеттік сатып алу саласына жүргізген талдау барысында заңнама талаптарының бұзылғанын анықтаған.

Прокуратура мәліметінше, балабақшалардың бірі қызметкерлерді мерзімдік медициналық тексеруден өткізу бойынша конкурс жариялаған кезде 75 қызметкердің толық сауалнамалық мәліметтерін ашық орналастырған. Тізімде олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) мен өзге де құпия ақпараттары болған.

«Қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа қолжеткізе алатын тұлғалар оның құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті және дербес деректерді субъектінің келісімінсіз таратуға құқылы емес», — деп хабарлады Абай облысының прокуратурасы.

Ведомствоның айтуынша, мекеме басшылығы талаптарды сақтамағандықтан, қызметкерлердің жеке мәліметтері заңсыз мақсатта пайдаланылу қаупіне ұшыраған. Прокуратура араласқаннан кейін заңбұзушылықтар жойылып, кінәлі лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы 2-бөлігі бойынша 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Оқу үшін