NoFake

Каспий мен Балқаш суы радиоактивті болуы мүмкін бе

Фото: NoFake.kz

АЭС салдарынан Балқаш пен Каспий суының радиоактивті болуы мүмкін деген қауесет жоққа шығарылды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов Мәжілісте өткен брифинг барысында мәлімдеді.

 «Бірінші АЭС-те салынуы жоспарланып отырған реактор түрі – бұл үш плюс (III+) буынды сулы-энергетикалық реактор. Ол екі тұйық контурдан тұрады және сырттан келетін су тек конденсаторды салқындату үшін ғана қажет. Яғни, сыртқы су реактордың негізгі белсенді аймағымен ешқандай жағдайда жанаспайды», — дейді агенттік өкілі.

Маманның айтуынша реактордың екі контуры да тұйық циклді болады. Сырттағы су тек салқындату үшін қолданылады.

«Бірінші контур жылуды белсенді аймақтан бу генераторына тасымалдайды, содан кейін екінші контурдағы бу генераторынан су қызып, буға айналады да, турбинаға беріледі. Турбинадан кейін ПӘК-ті (пайдалы әрекет коэффициентін) арттыру үшін конденсатор қолданылады. Міне, осы конденсаторды салқындату үшін ғана сырттан су алу қажет болады. Тиісінше, сыртқы судың радиоактивті қалдықтармен ластануы мүмкін емес», — деп жауап берді Әсет Махамбетов.

Яғни мұндай реактор жұмысында іске асыру үшін су ресурстары ішке алынғанымен, сыртқа шығарылмайды.

Оқу үшін