27 жастан асқандар әскерге қайта барады деген ақпарат жалған — министрлік

Фото: Gov.kz
Қорғаныс министрлігі 27 жастан асқан, әскерде болмаған барлық қазақстандықтарды әскери қайта даярлауға жібереді деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпараттық ресурстарда осындай мәлімет тараған еді. Министрліктің түсіндіруінше, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықовтың пікірі контекстен жұлынып алынған.
«Заңның 33-бабына сәйкес, әскери жиындарға запаста тұрған әскери міндетті азаматтар ғана шақырылады. Әскери жиындар жыл сайын жоспарлы түрде өткізіліп, мемлекеттің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын қолдауға бағытталған», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік 27 жасқа толған және мерзімді әскери қызметтен өтпеген азаматтар автоматты түрде әскери қайта даярлауға жіберілмейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, 24 жасқа толған азаматтар Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерінде ақылы негізде ерікті түрде даярлықтан өте алады. Оқу мерзімі – 40 күн. Оқу аяқталғаннан кейін әскери-есептік мамандық беріледі.


