NoFake

Стереотиптер шындықты бұрмалайды: одан қалай қорғану керек

Фото: pixabay.com

Стереотиптер — қоғам пікіріне манипуляция жасап, шын ақпаратты бұрмалауы мүмкін. Nofake.kz одан қорғану тәсілдерін ұсынады.

Азаматтар саяси жаңалықтардан бастап күнделікті қарым-қатынасқа дейінгі ақпаратты көбіне стереотиптер арқылы қабылдайды. Бұл өз кезегінде, бұрмалағанған ақпаратқа сенуге, манипуляцияға жол беруге және қате қорытынды жасауға итермелейді. Осы ретте, «қатқан» стереотиптердің шындықты бұрмалауға қалай әсер ететінін анықтап, оған жол бермеу тәсілдерін ұсынамыз.

Мамандардың пікірінше, стереотиптер — адамның әлеуметтік ортаны тез әрі жеңіл түсінуіне көмектесетін ойлау түрі. Олар тәжірибе, мәдени дәстүр мен әлеуметтік өзара әрекет нәтижесінде қалыптасады. Алайда стереотиптер фактілерді жалпылауға және бұрмалауға әсер етуі мүмкін. Осы ретте, халықаралық қатынастар саласында стереотиптердің алар орны ерекше.

Себебі мұндай жағдайда стереотиптер күрделі құбылыстарды қарапайым, эмоциялық бояуы бар күйге айналдыру үшін қолданылады. Олар саяси оқиғаларды қате түсіндіруге, көшбасшылар мен тұтас мемлекеттердің қызметін бұрмаланған түрде қабылдауға және жаппай теріс пікірлердің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Кей жағдайларда мұндай стереотиптер билікті заңдастыру немесе қарсыластарды, тіпті тұтас халықтарды қаралау құралына айналады.

Стереотиптік ойлауды қалай жеңуге болады?

Стереотиптік ойлау көбінесе адамдардың ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау қабілетіне кері әсер етеді. Соның салдарынан адам манипуляция мен жалған пікірлерге оңай беріледі. Стереотиптердің ықпалын азайту үшін келесі тәсілдерді қолдануға болады:

Қатқан стереотипті алмастыру

Өзіңіздің алдын ала қалыптасқан пікірлеріңізге берік болып, белгілі бір әлеуметтік топ өкілдерінің әрекетін басқа қырынан түсінуге тырысыңыз. Бұл тәсіл шынайы әрі жан-жақты қабылдауды дамытуға көмектеседі.

Контрстереотиптік визуализация

Өз тобына қатысты кең таралған стереотиптерге сәйкес келмейтін адамдарды еске түсіріңіз. Осындай образдарды санада қалыптастыру автоматты түрде пайда болатын теріс пікірлердің әсерін әлсіретеді.

Жекелендіру процесі

Адамды белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі ретінде емес, жеке тұлға ретінде қабылдауға тырысыңыз. Бұл әлеуметтік категорияларға бөлуді азайтып, нақты пікір қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқаның көзқарасын қабылдау

Жағдайға басқа адамның көзімен қарауға тырысыңыз. Бұл оның сезімін және әрекет ету контекстін тереңірек түсінуге көмектеседі. Мұндай когнитивтік ойлау қабылеті топаралық теріс көзқарасты азайтады.

Түрлі әлеуметтік топтармен байланыс

Түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен позитивті қарым-қатынас орнату тұрақты стереотиптердің бұзылуына ықпал етеді. Әсіресе тараптардың мәртебесі тең болып, ортақ мақсат болған жағдайда мұндай байланыс әлеуметтік тәжірибені кеңейтіп, ерекшеліктерді жан-жақты қабылдауға көмектеседі.

Сонымен стереотиптер дегеніміз жай ғана «қатып қалған пікір» емес, ол азаматтардың шын ақпаратты қабылдауына теріс әсер ететін күш. Сондықтан стереотиптерді толық жоққа шығара алмасақ та, сыни ойлау мен эмпатияны дамыту арқылы оның ықпалын азайтуға болады. Түптеп келгенде, стереотиптік ойлаумен күрес — бұл ой еркіндігіне жасалған инвестиция әрі саналы қоғам қалыптастыруға қосылған үлес.

Оқу үшін