«16-17 мамыр ашылады»: LRT басшысы жүйе жұмысын түсіндірді

Фото: Gov.kz
Бүгін CTS журналистерге арналған баспасөз турын өткізіп, жуырда іске қосылатын LRT жүйесін таныстырды.
NoFake.kz тілшісі де аталған жиынға қатысып, вагондардың қалай ашылатынын, ішінде қандай жүйелер қарастырылғанын және жолақы төлемі қалай жүзеге асатынын көріп қайтты.
City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев журналистерге Астана LRT жобасының іске қосылуы «осы демалыс күндері», яғни 16-17 мамырда болатынын мәлімдеді. LRT желісі толықтай эстакадалық форматта салынған. Яғни пойыздар жер үстімен, жол қозғалысынан бөлек қозғалады. Мұндай тәсіл көліктер мен жаяу жүргіншілер ағынымен қиылысты болдырмай, қозғалыстың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
LRT бағыты қай жерлерден өтеді
Жобаның жалпы ұзындығы — 22,4 шақырым. Бағыт елорданың негізгі нүктелерін байланыстырады: Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы, Қабанбай батыр даңғылы, «Mega Silk Way» СОО, Ботаникалық бақ, «Абу Даби Плаза», Министрліктер үйі, Ұлттық музей және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы.

Жүйеде барлығы 18 станса болады. Оның 11-і жердегі, ал 7-еуі жерүсті стансалары ретінде жобаланған. Барлық стансаларда эскалаторлар, лифттер, күту залдары, билет сатып алу аймақтары және қауіпсіздік жүйелері қарастырылған. Бұл әсіресе мобильділігі төмен азаматтарға ыңғайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Жол ақысын қалай төлеуге болады

LRT жүйесінде жабық төлем форматы қолданылады — жолаушы платформаға тек төлем жасағаннан кейін ғана кіре алады. Төлемнің бірнеше түрі қарастырылған:
- FacePay арқылы биометриялық төлем;
- арнайы LRT көлік картасы;
- Visa және MasterCard банк карталары;
- Apple Pay және Samsung Pay;
- QR-код арқылы төлеу;
- бір реттік билет сатып алу.
7 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар мен жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін жол жүру тегін болады.
Пойыздар қандай болады
LRT құрамдары толықтай автоматтандырылған, яғни машиниссіз жұмыс істейді. Жүйе халықаралық GoA4 стандарты бойынша басқарылып, есіктерді ашу-жабудан бастап, жылдамдық пен қозғалыс арақашықтығын бақылауға дейінгі процестердің барлығын автоматты түрде орындайды.

Бір құрамның ұзындығы — 60 метр. Толық жүктеме кезінде 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Пойыздардың ішінде LCD мониторлар, ақпараттық таблолар, төтенше жағдай жүйелері, мүгедектер арбасына арналған арнайы орындар қарастырылған.
Интерьер дизайнында ұлттық элементтер қолданылған. Орындықтардың түсі көк және қызғылт сары реңктерде жасалып, елорданың заманауи келбеті мен ұлттық стиль үйлестірілген.
Қауіпсіздік пен шуды азайту қалай шешілген
Жоба аясында жіксіз рельстер жүйесі қолданылған. Бұл технология пойыз қозғалысы кезінде шығатын шуды азайтады. Сонымен қатар инновациялық рельс бекіту жүйесі шуды 5-10 дБ деңгейіне дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
LRT инфрақұрылымында бейнебақылау, қоршаулар және бөгде адамдардың кіруін шектейтін жүйелер орнатылған. Қыс мезгілінде қауіпсіз жұмыс істеу үшін жылытылатын сілтеушілер мен аязға төзімді жабдықтар қарастырылған.


