Әскердегі қызметі барысында несиелер қалай төленеді — Қаржы агенттігі түсіндірді

Фото: Depositphotos
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтар әскери міндетті орындау кезеңінде олардың несиелерін төлеу тәртібі қандай болатынын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Елімізде мамырдан қазанға дейін азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру өтеді. Ресми мәліметке сәйкес биыл 21 мыңнан астам әскери міндетті азаматты шақыру жоспарланып отыр. Агенттіктің хабарлауынша әскери борышын өтеу кезеңінде азаматтардың алған несиелері автоматты түрде «үзіліске» қойылады.
«Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде реттелген және шешім әскерге шақырылушылардың пайдасына қабылданған. Қызмет кезеңінде олар үшін қаржылық қорғау шаралары қарастырылған, бұл қосымша кредиттік жүктемеге тап болмай, әскери қызметті алаңсыз өтеуге мүмкіндік береді. Тетігі қарапайым: қызмет уақытына кредит төлемдері уақытша тоқтатылады. Осы кезеңде пайыздар, айыппұлдар және өсімпұлдар есептелмейді, яғни берешек ұлғаймайды», — делінген Агенттіктің хабарламасында.
Мамандар әскери қызметті өткеріп келген соң бұл «үзіліс» тағы 60 күнге созылатынын айтады. Бұл уақыт аралығы азаматтарға асықпай қалыпты төлем кестесіне қайта оралып, қаржылық жағдайды тұрақтандыру үшін берілген.
«Маңызды артықшылық – автоматты формат. Әскери қызметшіге банкке жүгінудің немесе қосымша құжаттар рәсімдеудің қажеті жоқ: барлық рәсім тиісті деректер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады», — дейді мамандар.
Берешекті өндіріп алу да қызмет кезеңінде тоқтатылады
Берешекті өндіріп алу сатысына өткен жағдайлар үшін де жеке қорғаныс шаралары қарастырылған. Яғни, егер азаматтың қарыз мәселесі әскерге шақырылғанға дейін күрделі болса да, қызмет кезеңінде ол «тоқтатылады».
«Егер Берешек бойынша сот шешімі шыққан болса, атқарушылық жазба ресімделсе немесе берешекті өтеу туралы келісім жасалса, бұл процестердің барлығы қызмет кезеңінде уақытша тоқтатылады. Бұл шара өндіріп алу жалғасып, әскери қызметшіге немесе оның отбасына қаржылық қысым сақталатын жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни мемлекет барлық міндеттемелерді уақытша «үзіліске» қойып, оларды қызмет аяқталғаннан кейін шешуге мүмкіндік береді», — дейді Агенттік өкілдері.
Мерзімді қызметшілерге кредит рәсімдеуге тыйым салынған
2025 жылғы 31 тамыздан бастап елімізде мерзімді әскери қызметшілерге жаңа несиелер рәсімдеуге тыйым салынған.
«Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттің мәртебесін кредиттік бюролар (ГКБ және ПКБ) арқылы тексеруге міндетті. Егер адам қызметте болса, кредит өтінімі мақұлданбайды. Бұл адамның қаржысын басқару мүмкіндігі шектеулі кезеңде жаңа қарыздардың жиналуына жол бермеу үшін жасалған. Іс жүзінде жүйе әскери қызметшілерді қосымша қаржылық тәуекелдерден алдын ала қорғайды», — дейді мамандар.
Агенттіктің мәліметінше бұрын көптеген шақырылушылардың несиелері «өз бетінше» жалғасып, төлемдер, пайыздар және айыппұлдар есептеле беретін, ал міндеттемелерді көбіне туыстары орындауға мәжбүр болатын.
Енді жаңа ережелердің арқасында адам қызметті аяқтағаннан кейін бірден қарыздармен бетпе-бет келу қаупінсіз әскери борышын өтей алады.
Қызметтен кейін нені ескеру керек
Алайда ескеретін маңызды жайт: берілген жеңілдіктерге қарамастан, несие жойылмайды. Ол тек қызмет кезеңіне уақытша тоқтатылады.
«Демобилизациядан кейін өтпелі кезең қолданылады: 60 күн ішінде кейінге қалдыру сақталады, бірақ одан кейін төлемдер қайта басталып, белгіленген кестеге оралу қажет. Сондықтан алдын ала дайындалған дұрыс: қаржылық жағдайды бағалап, қажет болса банкпен байланысып, төлемдерді жоспарлау керек. Бұл міндеттемелерді кешіктірмей, бірқалыпты қалпына келтіруге көмектеседі», — деп ескертті Қаржы реттеушілер.
Мемлекет тарапынан тағы қандай кепілдіктер қарастырылған?
Мемлекет тарапынан несие бойынша «үзіліспен» қатар әскери борышын өтеуішлерге базалық әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған.
«Шақырылушының жұмыс орны сақталады, бұл қызметтен кейін еңбек қызметіне қайта оралуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет әскери қызметшілерді тамақпен, тұратын үймен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіп, негізгі шығындарды өз мойнына алады.Жалпы алғанда, бұл шаралар қызмет кезеңіндегі қаржылық және тұрмыстық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», — деп қорытты мамандар.
Айта кетейік, бүгінге дейін 36,5 мың әскери қызметші жалпы сомасы 7,7 млрд теңге болатын несие бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланған.


