Ұлытау облысында тыйым салынған контентке қолжетімділік шектелді

Фото: gov.kz
Ұлытау облысының прокурорлары Сәтбаев қаласындағы білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігіне қатысты өрескел заңбузушылықтарды анықтады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Прокуратура жүргізген тексеріс барысында қала мектептеріндегі интернет желісінің сүзгіден өтпегені белгілі болды. Ресми мәліметке сүйенсек, оқушылар мектеп қабырғасында жүріп, психикаға зиянды ақпараттарға еш кедергісіз қол жеткізіп келген.
«13 мектепте кәмелетке толмағандарды олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге, соның ішінде суицид пен зорлық-зомбылыққа итермелейтін материалдарды қамтитын тыйым салынған интернет-ресурстарға еркін қолжетімділік болған», – делінген прокуратура хабарламасында.
Заң талабы және жауапкершілік
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 43-бабына сәйкес, оқу орындары балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға міндетті. Атап айтқанда: «… білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге арналған байланыс операторларының қызметтері арқылы Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету талаптары» орындалмаған.
Бұл салғырттығы үшін 13 білім беру ұйымының басшыларына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы (7-2-тармағы) бойынша іс қозғалды. Нәтижесінде, әрбір мектеп директорына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Прокуратураның қадағалау актісінен кейін мектептердегі интернет желісіне арнайы шектеулер қойылып, қауіпті сайттар блокталды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 12 мыңнан астам баланың құқықтары қорғалды», – деп түйіндеді қадағалау органы.
Прокуратура өскелең ұрпақты қорғау бағытындағы жұмыстардың әлі де жалғасатынын ескертті.


