NoFake

Қазақстандықтар жеке деректерінің тарап кеткені туралы хабарлама ала алады

Фото: depositphotos

Бүгін Мәжіліс отырысында дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер қаралды. Жаңа нормаларға сәйкес, қазақстандықтар жеке деректерінің ашық кеңістікке тарап кеткені туралы арнайы жүйе арқылы хабардар бола алады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Құжат аясында дербес деректермен жұмыс істейтін операторларды өңделетін ақпарат көлемі мен қауіп деңгейіне қарай шағын, орта және ірі санаттарға бөлу ұсынылды. Осыған байланысты оларға қойылатын талаптар да өзгереді.

Сонымен қатар таралған дербес деректердің мемлекеттік тізілімі енгізіледі. Арнайы ақпараттық жүйе арқылы азаматтар өздерінің қандай жеке мәліметтері ашық қолжетімділікке шығып кеткенін немесе таралу қаупі бар екенін тексере алады. Бұл өз деректерін қорғау үшін уақытылы шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Түзетулерге сәйкес, дербес деректерді жариялау және алмасу талаптары да күшейтіледі.

Атап айтқанда:

  • ашық жарияланатын құжаттардағы жеке мәліметтерді бүркемелеу,
  • хеш-код пайдалану
  • операторлар арасында ақпарат алмасу кезінде деректерді шифрлау міндеттеледі.

Сондай-ақ азаматтардың жеке деректерін ашық көздерде жариялауға келісім беру тәртібі нақтыланады. Енді келісім құжатында адамның өз деректерін жариялауға нақты рұқсат беретіні немесе бермейтіні жеке көрсетілуі тиіс.

Бұдан бөлек, цифрлық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне мемлекеттік бақылау жасау функциялары қайта бөлінеді. Мұндай объектілерді басқару саясаты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзыретінде қалады. Бұл ретте мемлекеттік бақылау функцияларын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру ұсынылады.

Оқу үшін