Қарыз алушы кірісінен айырылса не істеу керек

Фото: Gov.kz
Қаржылық жағдайы нашарлап, кредит бойынша төлемдерді уақытында төлеу қиындаса, мәселені кейінге қалдырмай, банкке бірден хабарласқан жөн. Мұндай жағдайда қарызды қайта құрылымдау арқылы төлем жүктемесін азайтуға болады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қайта құрылымдау үшін — кредит шарттарының талаптарын өзгерту арқылы қарыз алушыға ыңғайлы төлем кестесін жасау қажет. Агенттік мәліметінше, егер азамат объективті себептермен табысынан айырылса немесе қаржылық қиындыққа тап болса, банк өтінішті қарастыруы мүмкін.
Мұндай себептердің қатарына:
– кірістің азаюы немесе жұмыстан айырылу;
– ауыр ауру немесе мүгедектік;
– декреттік демалыс;
– әскери қызметке шақырылу;
– өрт, ұрлық сияқты форс-мажор жағдайлар жатады.
Мамандар банкке неғұрлым ертерек жүгінсе, айыппұлдар мен өсімпұлдардың жиналуын, кредит тарихының нашарлауын және сот арқылы өндіріп алу қаупін азайтуға болатынын ескертеді.
Қайта құрылымдау үшін қарыз алушы банкке арнайы өтініш жазып, қаржылық қиындықтың себебін көрсетуі керек. Оған кіріс туралы анықтама, медициналық құжаттар немесе басқа да растайтын құжаттар қоса беріледі.
Банк өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарап, бірнеше нұсқа ұсынуы мүмкін. Атап айтқанда:
– кредит мерзімін ұзарту;
– пайыздық мөлшерлемені төмендету;
– төлемдерді уақытша кейінге қалдыру;
– өсімпұлдар мен айыппұлдардың бір бөлігін есептен шығару.
Ал егер банк қайта құрылымдаудан бас тартса, қарыз алушы банк омбудсманына немесе микроқаржы омбудсманына жүгіне алады. Сондай-ақ кредитті тиімдірек шарттармен қайта қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылады.


