NoFake

Вакцина мен аутизм арасында байланыс бар ма – Белгілі ғалым-дәрігер жауап берді

Фото: Depositios

Қазақстанның әлеуметтік желілерінде вакцинация балаларда аутизм тудыруы мүмкін деген пікір әлі де таралып жүр. Алайда бұл ғылыми деректермен расталмайды және шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Астана медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты инфекционист Динагүл Баешева бұл пікірдің кең таралуы көбіне уақыт сәйкестігімен байланысты екенін түсіндіреді.

«Көптеген ата-ана аутизмді екпемен байланыстырады, себебі белгілер вакцинадан кейін байқалуы мүмкін. Бірақ ғылым нақты жауап береді: вакциналар аутизм тудырмайды. Бұл миллиондаған баланың қатысуымен жүргізілген ауқымды зерттеулермен дәлелденген», — дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, аутистикалық спектр бұзылыстарының алғашқы белгілері көбіне 1,5–2 жас шамасында байқалады. Дәл осы кезеңде балалар жоспарлы екпелер алады. Осы сәйкестік ата-аналарға себеп-салдарлық байланыс бар деген жалған ой қалыптастыруы мүмкін.

Сонымен қатар халықаралық ірі зерттеулердің нәтижелері вакциналардың аутизмге қатысы жоқ екенін бірнеше рет дәлелдеген.

«Аутизм баланың миының даму ерекшеліктері мен генетикалық факторларға байланысты, ол тіпті дүниеге келмей тұрып қалыптасады. Вакциналар бұл процеске әсер етпейді, керісінше баланы қауіпті инфекциялардан қорғайды. Дәрігерлер қызылша, көкжөтел секілді алдын алуға болатын аурулардың ауыр салдарымен күн сайын бетпе-бет келеді. Кейде көмек көрсету тым кеш болып жатады», — деді Динагүл Баешева.

Дәрігер екпеден бас тарту қауіпті инфекцияларға шалдығу қаупін арттыратынын еске салды. Мұндай аурулар ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Осылайша, вакцина мен аутизм арасында байланыс бар деген тұжырым – ғылыми дәлелі жоқ миф.

Оқу үшін