NoFake

Сирек кездесетін құстарды аулау: заңда не көзделген

Фото: pixabay.com

ҚР ІІМ Ақмола облысында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек құс түріне қатысты заңсыз әрекет фактісін растады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Естеріңізде болса, желіде Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстың көлікте табылғаны туралы ақпарат тараған еді. Аталған жайтқа қатысты ҚР ІІМ түсініктеме берді. Айтуларынша, оқиға 22 сәуір күні Целиноград ауданы аумағында орналасқан блок-бекетте болған.

«Қызмет атқару барысында патрульдік полиция қызметкерлері Қостанай қаласының тұрғыны басқарған «Hyundai Grandeur» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде жүксалғыштан атып алынған екі құстың өлексесі табылды. Олардың бірі болжам бойынша қызылжемсаулы қара қаз болып шықты», — делінген хабарламада.

Ведомство хабарлауынша, аталған құс түрі — мемлекет қорғауындағы сирек түр және ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Елімізде аталған құсты аулауға қатаң тыйым салынған.

«Жүргізушінің айтуынша, құс өлекселері салынған пакетті оған белгісіз адам басқа елді мекенге жеткізіп беру өтінішімен тапсырған. Қазіргі таңда бұл нұсқа тексерілуде. Сонымен қатар, жүргізушінің аңшы екені анықталды: жүксалғышта оның атына тіркелген тегіс ұңғылы мылтық және тиісті рұқсат құжаты болған», — делінген министрлік хабарламасында.

Бүгінде сирек және жойылып кету қаупі төнген жануарлармен заңсыз айналысу фактісі бойынша іс қозғалып, барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Осы ретте, құзырлы ведомство азаматтарға ҚР ҚК 339-бабы «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен заңсыз айналысу» бойынша, жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

ҚР ІІМ аталған заңды бұзған жағдайда 3000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынатынын немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылатынын, сондай-ақ 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе айыруға болатынын, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазалануға болатынын айтады.

Яғни, елімізде сирек жануарларды заңсыз аулау және айналымға енгізу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Оқу үшін