Музыкалық аспаптарды әуе кемесінде тасымалдау: не өзгереді

Иллюстрация: NoFake.kz
ҚР Көлік министрлігі музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды әуе кемесінің салонында тасымалдауға қатысты заңға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство ұсынған мәліметтерге сәйкес, ҚР Көлік министрлігі «Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жатыр.
«Жоба аясында азаматтардың көптеген өтініштері негізінде, алғаш рет нормативтік деңгейде жолаушылардың музыкалық аспаптарды (оның ішінде домбыра мен қобызды) футлярда әуе кемесінің салонында қол жүгi ретінде тасымалдау құқығы бекітіледі. Бұл ретте олардың өлшемдері 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 кг-нан аспауы тиіс», — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, аталған түзетулерге сәйкес, егер жолаушы тек бір музыкалық аспапты, мысалы домбыраны, алып жүрсе, оны тасымалдау қол жүгі ретінде тегін жүзеге асырылады.
«Ал музыкалық аспап қол жүгінің қосымша бірлігі ретінде тасымалданған жағдайда, белгіленген нормадан асатын жүк үшін әуе компаниялардың қолданыстағы қағидаларына сәйкес ақы алынады», — делінген хабарламада.
Ведомство бұл түзетулерді қабылдау жолаушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және әуе көлігінде музыкалық аспаптарды тасымалдауды реттеуді жетілдіруге бағытталғанын айтады. Сондай-ақ, министрлік түзетулерді қабылдаудың болжамды мерзімі – 2026 жылғы мамыр айының соңына дейін екенін атап өтті.


