Министрлік дәрі-дәрмек бағасының күрт өскені туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Depositphotos
Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы күрт өсіп жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай мәлімдемелерді жоққа шығарып, нарықтағы нақты жағдайды түсіндірді.
Қазақстанда бірқатар БАҚ-та тараған «дәрі бағасы 52–66%-ға дейін өсті» деген ақпарат расталмаған. Министрлік дерегінше, мұндай көрсеткіштер нақты статистикамен дәлелденбейді.
«Жекелеген дәрі атаулары бойынша бағаның 52%-дан 66%-ға дейін өсуі туралы мәлімет те расталмайды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, дәрілік заттардың бағасын реттеу үшін арнайы шекті бағалар тетігі енгізілген. Бұл жұмысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүзеге асырып отыр. Қазіргі таңда бөлшек саудада сатылатын 4994 дәрі атауына шекті баға белгіленген.
2026 жылғы наурыздағы мониторинг нәтижесі бойынша, 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда 631 препараттың бағасы орта есеппен 24,6%-ға төмендеген. Сонымен қатар:
- реттелетін сегменттегі дәрілердің 50%-дан астамы баға тұрақтылығын сақтаған;
- шамамен 25%-ында баға төмендеген.
Ал рецептісіз сатылатын 1707 препарат мемлекеттік реттеуге кірмейді. Бұл сегментте баға 5–15% аралығында өскен жағдайлар бар, бірақ кейбір дәрілер 11%-ға дейін арзандаған.
Мысал ретінде:
- Парацетамол 2025 жылы 200 теңге болса, 2026 жылы 188 теңгеге дейін төмендеген (-6%);
- Белсендірілген көмір 130 теңгеден 144 теңгеге дейін өсіп, 9%-ға қымбаттаған.
Сонымен қатар, тіркелген дәрілік заттардың 44%-ы (3000-нан астамы) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ҚҚС-тан босатылған.


