Еңбекмин зейнетақыны мерзімінен бұрын алудың жаңа талаптарын түсіндірді

Фото: Gov.kz
Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі өзгереді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомствоның түсіндіруінше, негізгі мақсат — азаматтардың бүгін ақша шешіп алып, ертең төмен зейнетақымен қалмауын болдырмау. Өйткені қазіргі әдістеме көбіне «мінсіз» сценарийге, яғни адамның үздіксіз жарна аударып отыратынына негізделген.
«Зейнетақы жинақтары – ең алдымен қарттық кезеңдегі негізгі табыс көзі. Оны кез келген уақытта жұмсайтын қаражат ретінде қарастыруға болмайды», — деп атап өтті министрлік.
Соңғы үш жылда жеткіліктілік шегі қайта қаралмаған. Ал жаңа әдістеме өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық табысты және болашақ төлемдердің деңгейін ескеретін болады. Мысалы, 46 жастағы адамның шотында 11 млн теңге болса, қазіргі жүйе бойынша оның 3,2 млн теңгені шешіп алуына мүмкіндік бар. Алайда бұл болашақ төлемге тікелей әсер етеді.
«Егер азамат жинақтың бір бөлігін алса, кейін алатын зейнетақысы ең төменгі деңгейде қалыптасуы мүмкін. Ал қаражатты сақтап қалса, төлем мөлшері 2–2,5 есе жоғары болуы ықтимал», — деп түсіндірді ведомство.
Министрлік жаңа тәсіл азаматтардың ұзақ мерзімді мүддесін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Яғни, қазір қаражатты пайдалануға мүмкіндік сақталады, бірақ болашақтағы зейнетақы да ескерілетін болады.


