Қостанайдағы мал мен киік қырылды деген видеоға министрлік жауап берді

Фото: gov.kz
Желіде Қостанай облысында ірі қара мал мен киіктердің қырылуына қатысты видео тарады. Құзырлы ведомство аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған түсініктемеге сәйкес, Жангелдин ауданы аумағында ірі қара малдың қырылуына қатысты, Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы тексеру жүргізген.
«Аталған жағдай үй шаруашылығындағы мал арасында жекелеген сипатқа ие (2 өлексе анықталған). Қазіргі таңда осы ауданда сынама алу және малдың қырылу себептерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Алынған сынамалар тиісті зертханаға жолданды. Зерттеу нәтижелерін күтіп отырмыз», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ведомство Жангелдин ауданы мен шекаралас аумақтарда облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының және «Охотзоопром» РМКК тобы киіктердің қырылу фактілерін анықтау мақсатында мониторинг жүргізгенін мәлімдеді.
«Мониторинг барысында 2 киік (аналық) өлексесі табылды. Сыртқы белгілеріне қарағанда, өлекселерде ыдырау және қаңқаланудың белгілері бар, шамамен олардың өлімі қыс мезгілінде болған. Табылған өлекселер утилизацияланды, утилизация актісі бар», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті қаңғыбас үй жануарлары туралы жаңа заңға қандай өзгерістер енгізілетінін түсіндірген еді.


