4 млн жалған қоңырау: Алматыда телефон алаяқтарының орталығын құрған топ ұсталды

Фото: ҰҚҚ
Алматыда телефон алаяқтығына қатысы бар қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, операция Қазақстан прокуратура органдарының үйлестіруімен жүргізілген.
«Күдіктілер байланыс операторларының бақылауын айналып өтіп, шетелден қазақстандық абоненттерге халықаралық қоңыраулар шалудың заңсыз тетігін ұйымдастырған», – делінген ведомство мәліметінде.
Тергеу деректеріне сәйкес, топ мүшелері бөгде заңды тұлғалардың атына виртуалды телефон станцияларын тіркеп, жергілікті мобильді нөмірлерді пайдаланған. Сонымен қатар, олар арнайы зиянды бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданған.
Аталған схема арқылы 4 миллионнан астам қоңырау шалынған. Нәтижесінде байланыс операторларына келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеден асқан. Тінту барысында құқық қорғау органдары техникалық құралдар мен іске қатысты өзге де заттай дәлелдемелерді тәркіледі.


