Шымкентте банк қызметкері болып елді алдаған шетелдік ұсталды

Коллаж: Liter.kz
Шымкентте өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарды алдаған шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Күдікті азаматтарды «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуға көндіріп, миллиондаған теңге шығын келтірген. Алматыда тұратын шетелдік азамат алаяқтық схемаларды ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінді.
«Алаяқтар жәбірленушілерге телефон шалып, өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған. Психологиялық қысым көрсету арқылы олар азаматтарды ақшаларын «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген. Нәтижесінде адамдар жинақтарынан айырылған.Қазіргі уақытта алаяқтықтың үш дерегі тіркеліп, жалпы шығын көлемі шамамен 8 миллион теңгені құрап отыр», — деп мәлімдеді Polisia.kz басылымы.
Тергеу барысында ұрланған қаражат аударылған есепшоттар да анықталды. Олар Алматыда білім алып жүрген төрт шетелдік студенттің атына рәсімделген. Аталған шоттар заңсыз схема аясында қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және әрі қарай аудару үшін пайдаланылған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.


