ҰҚҚ Астана мен Алматыда дербес деректерді заңсыз таратқан топты құрықтады

Фото: Gov.kz
Астана және Алматы қалаларында қазақстандықтардың дербес деректерін заңсыз жинап, интернетте сатқан топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Операцияны Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен жүргізген. Биыл наурыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарымен бірлесіп, азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз айналымға шығарумен айналысқан күдіктілер тобын ұстады.
«Аталған тұлғалар заңсыз жолмен алынған дербес деректерді интернет желісінде сатып келген. Сатып алушылар қатарында микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың кейбір өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған», – деп хабарлады ҰҚК.
Тергеу барысында күдіктілерден компьютерлік техника, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемдегі ақша қаражаты және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп нақтылады комитет.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 147 (жеке өмірге қол сұғушылық), 208 және 210-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.


