NoFake

Алаяққа алданған көп балалы отбасы оған бизнес үшін 11 млн теңге аударған

Фото: gov.kz

Ақмола облысының полиция департаменті алаяққа алданып, 11,5 млн теңге аударған көп балалы отбасының ісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz.

Полиция мәліметінше, көпбалалы отбасы бейтаныс адамға сенім артып, 11,5 млн теңгеден астам қаражатын аударған.

«Ер адам белгісіз адаммен кездейсоқ танысқан. Әңгімелесу барысында жаңа таныс «байланыстары» бар адам болып көрініп, бизнес лицензиясын алуға көмектесуге уәде берген. Сонымен қатар, ол автокөліктерді арзан бағамен сатып алып, оларды қайта сатудан табыс табатынына сендірген», — делінген полиция хабарламасында.

Белгілі болғандай, кейін олар бір-бірімен телефон нөмірлерімен алмасып, күдікті өз қызметтерін сыйақы үшін ұсынған.

«Сомалар айтарлықтай үлкен болғанымен өтініш беруші жаңа таныстың «ықпалының» арқасында жылдам нәтижеге сеніп, мән бермеген. Ал, біраз уақыттан кейін алаяқ лицензия алу үшін шұғыл түрде ақша қажет екенін айтқан, сөйтіп автокөліктерді тиімді сатып алуға инвестиция салуды ұсынған», — делінген полиция хабарламасында.

Осылайша, жәбірленуші жұбайымен бірге несие рәсімдеп, 11 млн теңгеден астам соманы алаяққа табыстаған.

«Жеті ай ішінде уәде етілген қызметтер көрсетілмеген. Ер адам алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінді», — делінген хабарламада.

Бүгінде алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Оқу үшін