Банк шоттарын қашықтан ашу ережесі өзгерді: Ұлттық банк түсініктеме берді

Фото: Depositphotos
Қазақстанда банктерде биометриялық сәйкестендіруден өту тәртібіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл жаңа талап емес, тек қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған техникалық жаңарту. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми өкілі Асан Қалиахметов мәлімдеді.
Негізгі өзгеріс неде?
Бұған дейін банктер клиентке қашықтан шот ашқан кезде өздерінің ішкі биометриялық жүйелерін қолдана алатын. Ендігі жерде алаяқтық қаупін азайту үшін бастапқы сәйкестендіру тек мемлекеттік жүйе – Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы арқылы жүргізілуі тиіс.
«Өзгерістер тек шотты қашықтан ашқан кездегі тәртіпке қатысты. Енді қауіпсіздікті күшейтіп, алаяқтық қаупін азайту үшін бастапқы сәйкестендіру мемлекеттік жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерек қорымен (ЖТ МДҚ) тікелей интеграцияланған», — деді Асан Қалиахметов.
Сәйкестендіру орталығы жаңа құрылым емес, ол 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық әсіресе пандемия кезінде әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу барысында өзінің сенімділігін дәлелдеген. Қазіргі таңда бұл жүйе қаржы ұйымдарынан түсетін айына шамамен 3,9 млн сұранысты өңдейді.
Тұтынушылар үшін не өзгереді
Ұлттық банк өкілі бұл өзгерістерден кейін банк қызметін пайдалану қиындамайтынын атап өтті. Бастапқы тексеруден кейін клиенттер бұрынғыдай банктің ішкі ережелеріне сай саусақ ізі (Touch ID), бет-әлпетті тану (Face ID), цифрлық кодтар секілді әдістерді қолдана береді.
Қысқаша айтқанда, мемлекеттік деректер қорымен салыстыру тек алғашқы тіркелу кезінде қатаң бақыланады, ал күнделікті қолданыста банктердің жеке сервистері өз күшінде қалады.
Айта кетейік, бұған дейін біз несие беру шарттары қатаңдатылатыны туралы жазған болатынбыз.


