Несие беру шарттары қатаңдатылатыны рас па — Ұлттық банк төрағасы түсіндірді

Фото: Национальный банк РК
Ел арасында азаматтарға несие беру шарттарын қатаңдату мерзімдері туралы әртүрлі пікірлер айтылуда. Сондай-ақ бұл өзгерістер бөліп төлеу рәсіміне де әсер ете ме деген сауалды NoFake.kz Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке жолдады.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, несие беру шарттарының қатаңдатылатыны рас. Бұл туралы ол Ұлттық банк қабырғасында өткен брифинг барысында мәлімдеді. Бас банкир халық арасында тұтынушылық несиелердің азайғанын атап өтіп, мұндай шаралар азаматтарды қарыздық жүктемеден қорғау мақсатында қолға алынатынын жеткізді.
«Біз борыштың табысқа коэффициенті деген жаңа макроэкономикалық құрал енгізуді жоспарлап отырмыз. Алайда оны кезең-кезеңімен, байыппен енгіземіз. Өзім баяндамада атап өткендей, тұтынушылық несиелер азайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Себебі бизнеске берілетін несиелер көлемі артты. Азаматтар да шамасына қарай шығынданып, қарызға шамадан тыс батпауы тиіс. Бізде тұтынушылық несиені толықтай шектеу немесе тоқтату ниеті жоқ. Бұл бағытта барлық шешімдер мұқият қаралады. Қашан енгізілетіні туралы нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ бірінші шілдеден тек қана несиелерден бастайтын боламыз», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал бұл қатаңдату шаралары бөліп төлеу жүйесіне әсер ете ме деген сауалға Тимур Сүлейменов қазіргі таңда мұндай мәліметтер жалпы есептілікке толық енгізілмегенін айтты.
«Бөліп төлеу — маңызды фактор. Себебі қарыз жүктемесін есептегенде тек банк несиелері ғана емес, басқа да міндеттемелер ескерілуі тиіс. Сондықтан бұл бағытта реттеу қажет. Бірақ алдымен толыққанды есеп жүргізу керек. Қазіргі таңда Кредиттік бюро, соның ішінде Мемлекеттік кредиттік бюро бөліп төлеу туралы мәліметтерді толық алмайды. Есептілік жүйесін жолға қою қажет. Уақыт өте келе бөліп төлеуді де осы құралға енгіземіз. Алайда бастапқы кезеңде тек несиелерден бастаймыз», — деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, сондай-ақ брифинг барысында базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағаны, яғни оның өзгеріссіз қалғаны белгілі хабарланды.


