Алматыда зейнеткерге шабуылдаған күдікті ұсталды

Скрин видео
Алматы қаласында әйелге жасалған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Әйелге жасалған шабуыл дерегі бойынша Алматы қаласы Бостандық ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады», – делінген ведомство мәліметінде.
Полицияның хабарлауынша, қылмыс «ізін суытпай» ашылған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
«Кез келген құқыққа қайшы әрекеттер, әсіресе күш қолданумен байланысты қылмыстар қатаң түрде тоқтатылып, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады», – деп атап өтті Алматы қаласы Полиция департаменті.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы көшесінде автобус күтіп тұрған зейнеткерді жас жігіттің ұрып-соққаны түсірілген видео тараған еді. Кейін жәбірленушінің қызы Threads желісінде жазба жариялап, күдіктінің жазадан құтылып кетпеуін талап еткен.


