Иран Трамптың «8 әйелге өлім жазасы» туралы мәлімдемесін жалған деп атады

Фото: Depositphootos
Иранның сот жүйесі АҚШ президенті Дональд Трамптың елдегі 8 әйелдің өлім жазасына кесілгені туралы мәлімдемесіне қатысты жауап берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Сейсенбі күні жарияланған Иран Сот билігінің мәлімдемесінде Трамп айтқан тұлғалардың бір бөлігі босатылғаны, ал қалғандарына қатысты тергеу амалдары жүріп жатқаны айтылған. Ресми Тегеранның мәліметінше, егер аталған азаматтардың кінәсі сотта дәлелденсе, оларға өлім жазасы емес, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
«Трамп тағы да жалған ақпаратқа сеніп, адасты», — делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін Дональд Трамп өзінің Truth Social платформасында америкалық-еврей белсендісінің ақпаратын бөлісіп, Иран билігін 8 әйелді өлім жазасына кеспеуге шақырған болатын. АҚШ президенті бұл қадам Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздерді бастауға жақсы негіз болар еді деген пікір білдірді.
Иранның сот органдары Трамптың бұл мәлімдемесін «жалған ақпаратқа негізделген» деп атады. Мәлімдеме авторлары АҚШ лидерінің бұған дейін де Ирандағы сот процестеріне қатысты негізсіз деректер келтіргенін алға тартады. Атап айтқанда, Тегеран қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерден кейін 800 тұтқынның өлім жазасы тоқтатылды деген Трамптың сөзін де жоққа шығарды.


