Шетел азаматтары қару-жарақпен ұсталды: полиция ақпаратты жоққа шығарды

Фото: gov.kz
Астана қаласы полиция департаменті шетал азаматтарының қару-жарақпен ұсталып жатқан ақпаратын жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Полиция департаменті ұсынған мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік желілерде таралып жатқан шетел азаматтарының қару-жарақ арсеналымен ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Тұрғын үйге белгілі бір заттарды кіргізу фактісі орын алғанын және ол жөнінде тұрғыннан хабарлама түсіп, оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел түрде жеткенін хабарлаймыз. Тексеру барысында жәшіктің ішінде тарихи және мәдени құндылығы бар антикварлық қару-жарақ заттары болғаны анықталды», — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары сарапшылардың қорытындысына сәйкес, олар заманауи жауынгерлік қару санатына жатпайтынын жеткізді.
«Тұрғындарға ешқандай қауіп төнген жоқ. Сонымен қатар аталған факті бойынша қолданыстағы заңнама аясында тексеру жұмыстары жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Полицейлер азаматтарды сабыр сақтауға және жалған ақпарат таратпауға шақырады.


