NoFake

ШҚО-да халықаралық іздеуде жүрген алаяқ ұсталды

Фото: gov.kz

Өскеменде криминалдық полиция бірқатар алаяқтық әрекеттері үшін 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 48 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Nofake.kz.

ШҚО полициясының мәліметінше, күдікті автокөлік сату схемалары арқылы әрекет еткен. Ол тиімді шарттарды ұсынып, алдын ала төлем жасатып алып, кейін көлік құралдарын беру бойынша міндеттемелерді орындамаған.

«Алаяқ ақшаның бір бөлігін қайтара отырып, адамдарды мәміленің заңды екендігіне сендірген. Алдын ала мәлімет бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 30 миллион теңгеден асады», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, келісім-шарттарды рәсімдеу барысында алаяқ үшінші тұлғаларды тарту арқылы, олардың атына қарыз шарттарын ресімдегені анықталды. Полиция мәліметінше, ақшалай қаражатты беру көбінесе нотариустың қатысуымен жүзеге асқан.

«Бұған дейін ер адам алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда, ҚР ҚК-нің “Алаяқтық” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

«Істің барлық мән-жайы мен қылмыстық әрекеттің қосымша эпизодтары анықталуда», — делінген хабарламада.

Осы ретте, полиция азаматтарға алаяқтықтың құрбаны болмау және қаражатты сақтап қалу үшін, кез келген қаржылық операциялар кезінде барынша мұқият болу қажеттігін ескертеді.

Оқу үшін