Ақтөбеде заңсыз ломбард ісі сотқа жолданды

Фото: freepik.com
ҚР ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті ломбард қызметі саласындағы заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство ұсынған мәліметтерге сай, күдікті 2020–2025 жылдар аралығында халыққа тұрмыстық техника (ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары, фотоаппараттар және т.б.) кепілімен қарыз беруді ұйымдастырған. Алайда оның ломбард қызметін жүзеге асыруға міндетті лицензиясы болмаған.
«Уәкілетті органдар тарапынан бақылаудан жалтару үшін заңсыз қызмет комиссиондық дүкендері ретінде жасырынған. Қаржыға мұқтаж азаматтардың жағдайын пайдалана отырып, ол тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлемелер белгілеген. Бұл заңмен белгіленген 0,3% шектен 12 есе жоғары», — делінген хабарламада.
ҚР ҚМА хабарлауынша, клиент 257 000 теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге (тәулігіне 2%) сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауы тиіс (0,3%) болған.
«Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 93 млн теңгеден асқан. Сот санкциясымен күдіктінің 3 автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», — делінген хабарламада.
Ведомство заңсыз қаржы ұйымдарына жүгіну мүлік пен қаражаттан айырылу қаупін арттыратынын ескертеді. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға кепілмен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясының бар-жоғын міндетті түрде тексеруді ұсынады, себебі бұл қызмет түрі мемлекеттік реттеуге жатады.


