NoFake

Данияда 30 мың мешіт салынады — фейк

Фото: islam.kz

Данияда Үкімет өкілдері мешіттердің жаппай салынуы туралы жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Әлеуметтік желіде Дания билігі ел бойынша 30 мың мешіт салатыны туралы ақпарат таралуда. Алайда бұл шындыққа жанаспайды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, вирустық жазбаларда үкімет «мұсылман дініне тарихи қадам жасап жатыр» және биыл ауқымды құрылыс бастауды жоспарлап отыр деген мәлімет берілген. Жарияланымдарда коллаж да қоса берілген: бір суретте — премьер-министр Метте Фредериксен Құран ұстап тұр, екіншісінде — Копенгагендегі мешіт бейнеленген.

Скриншот әлеуметтік желіден

Дания Премьер-министрі кеңсесінде бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.

«Данияның қазіргі де, бұрынғы да үкіметтері мұндай мәлімдеме жасаған жоқ», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ кеңседе таралған Фредериксеннің суреті жалған екені атап өтілді. Түпнұсқа фото 2024 жылы Швециядағы саммитте түсірілген, онда премьер-министр Құран ұстап тұрған жоқ.

Данияның Ауылдық аумақтар, қалалар және шіркеу істері министрлігі де мешіттер салу туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін растады. Ведомствоның мәліметінше, діни нысандардың құрылысына бастамашы болатын — мемлекет емес, жергілікті қауымдастықтар.

Ал жарияланымдардағы екінші сурет шынымен Копенгагендегі Имам Әли мешітіне тиесілі.

Ресми статистикаға сәйкес, Дания халқы шамамен 6 миллион адамды құрайды. Егер елде расымен 30 мың мешіт салынса, онда әр 200 адамға бір мешіттен келер еді.

Ел тұрғындарының шамамен 4,2 миллионы Халық шіркеуінің (Folkekirken) мүшелері. Дания СІМ бағалауы бойынша, мұсылмандар саны шамамен 270 мың адамды құрайды.

Осылайша, Данияда 30 мың мешіт салу жоспарланып отыр деген ақпарат — жалған.

Оқу үшін