Вакцина аутизмге әкеле ме: маман түсіндірді

Фото: freepik.com
Көптеген ата-аналар арасында вакцина салдарынан бала аутизмге шалдықты деген миф тараған. Бұл қаншалықты рас? Nofake.kz маманнан сұрап білді.
АВА терапия маманы Азамат Бақытбекұлы екпе егу салдарынан балалардың аутизмге шалдығуы туралы мифті жоққа шығарды. Оның айтуынша, аутизм ол — сырқат емес, ол тек адамның туа біткен күйі.
«Аутизм пайда болуына қатысты сұрақтар өте көп. Десе де, қазіргі таңда медицинада оның неден, ненің әсерінен пайда болатынына әлі жауап табылмаған. Солардың бірі, көпшілік оны вакцинаның әсерінен пайда болады деп айтады. Негізінен оған вакцина әсер етпейді, яғни оның әсері жоқ. Ол аяқ астынан пайда болатын ауру емес», — деді ол.
Бұл ретте, маман аутизм ауру болмағандықтан, оны емдеу шаралары да болмайтынын атап өтті.
«Аутизм ауру болса, оны емдейтін іс-шаралар да керек болады. Бұл жағдайда ол — адамның өзінің туа біткендегі күйі. Сондықтан, бұрындары вакцина еккеннен кейін, балада «откат» — дамуы қайта артқа қайтады, соның әсіренінен аутизм пайда болады деген мифтер болатын. Оның бәрі тек мифтер екенін, екпе еккеннен кейін, ол аутизмге әкелмейтінін айтқым келеді», — деді маман.
Бұл ретте маман, АВА мамандарының оқудан өткендегі тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, вакцина шығаратын екі медициналық компания, өздерінің тауарларын сату үшін, екінші компанияның вакцинасы жөнінде зерттеу жүргізген. Сөйтіп оның теріс әсерін, вакцинаның адам денсаулығына зиян тұстарын көрсеткісі келген.
«Сол кезеңнен бастап көптеген ата-аналар вакцинадан бас тартып, балалардың даму деңгейі жағынан қиындықтар туындаған болатын. Ол сонау 60-70 жылдары басталған, әлі күнге дейін сол миф бар. Бірақ егер, медицина мамандарын тыңдайтын болсаңыздар, ол әлі де миф екеніне көз жеткізесіздер», — деді маман.
Айта кетейік, сәуір айы дүниежүзінде аутизм туралы ақпарат тарату айы болып бекітілген. Осыған орай, БҰҰ әлемнің жүздеген елдерінде аутизмді түсіндіруге қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.


