Фейк инвестиция және дропперлер схемасы: «Boxy Wealth» ісі сотқа жетті

Фото: depositphotos
Алматыда жалған инвестиция арқылы бір жыл бойы халықты алдап келген «Boxy Wealth» қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Күдікті азаматтардан миллиондаған қаражат жинап, оны криптовалютаға аударып отырған. Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Ведомство мәліметінше, күдікті бір жыл бойы Алматы аумағында аталған жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарған. Жоба «www.boxywealth.com» сайты мен мессенджерлер арқылы жұмыс істеп, алдымен тауарлар туралы ақпарат тарату арқылы азаматтардың сеніміне кірген. Кейін оларды инвестициялық платформаға тарту жүзеге асырылған.
«Қатысушыларға түрлі инвестициялық пакеттерді сатып алып, жарнамалық материалдарды қарау арқылы тәулігіне 5%-дан 10%-ға дейін табыс табуға болады деп уәде етілген», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Сонымен қатар, жаңа адамдарды тартқаны үшін бонус берілетін рефералдық жүйе қолданылған. Қаражаттар дропперлердің банк шоттары арқылы қабылданып, кейін P2P операциялар арқылы криптовалютаға аударылған. Компания өз қызметін заңды етіп көрсету үшін кеңсе ашып, жарнамалық жұмыстар жүргізген және жалған табыс көрсеткіштерін ұсынып отырған.
«Нәтижесінде 78 жәбірленуші қаржы пирамидасына 110 млн теңгеден астам қаражат салған», – делінген агенттік хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, сот санкциясымен оның Алматы қаласындағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға күмәнді инвестициялық жобаларға сенбеуге, компаниялардың заңдылығын мұқият тексеруге және жоғары табыс уәделеріне сақ болуға кеңес береді.


